19 - 29 мамыр аралығында Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіретін кәсіпорындардың жұмысшы мамандық өкілдеріне арналған модульдік оқыту өтіп жатыр. Бұл бастама Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, корпоративтік мәдениетті нығайтуға және өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған.
Бағдарламаға «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 60 жұмысшы маманы қатысуда. Оқыту бағдарламасына келесі модульдер енгізілген: «Электргазбен дәнекерлеуші», «Электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері», «Химиялық талдау зертханашысы», «Тауар операторы», «Слесарь-жөндеуші» және т.б.
Бейбіт Қабылғазинов, Шығыс ОҚКБ МАС-10 электромонтері:
-Мұнда халықаралық стандарттарға сай тематикалық модуль бойынша оқыту жүргізілуде. Оқытушылар мемлекеттік және орыс тілдерінде мысалдармен сабақ беріп жатыр. Электромонтер саласы бойынша лекцияларды қабылдау жеңіл, түсіну оңай. Бағдарлама бойынша Атыраудағы KPI, ҚМГ Инжиниринг сияқты өндірістерге барып жұмыстарымен танысу болады. Бұл біз үшін үлкен сабақ, тәжірибе алмасу болады деп ойлаймын.
Дархан Зейнешов, Ақтөбе МҚБ «Кеңқияқ» БМАС химиялық талдау лаборанты:
-Біздің біліктілікті арттыру үшін қажет оқыту деп білемін. Әсіресе, қауіпсіздік мәдениеті, қиын жағдайда стресті басқару, жұмысшының денсаулығын қорғаудағы әлемдік өндірістегі тәжірибелерді оқытып-түсіндіріп жатыр. Оқу барысында Атыраудағы ҚМГ компаниялар тобына қарасты өндірістерге барып, химиялық зертханаларымен таныспақпыз. Бұл әрине, әсерлі де тағылымды оқу болары сөзсіз.
Аталған бағдарламаға қатысу қызметкерлердің кәсіби дамуына септігін тигізіп, компанияның адам капиталына инвестиция салуға деген ұмтылысын көрсетеді.