KZTO 806,96 (+0,41)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 806,96 (+0,41)

«ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері республикалық «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысты

 25.08.2025    22

Жаңа оқу жылы қарсаңында «ҚазТрансОйл» АҚ ұжымдары дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсене атсалысуда. Акция аясында олар әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың мектеп жасындағы балаларына, сондай-ақ алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын қызметкерлердің балаларына көмек көрсетті.

Атырау мұнай құбыры басқармасы бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен Атырау қаласы, Мақат, Аққыстау және Индер аудандарындағы тұрмысы төмен 7 отбасының 21 баласына оқу құралдары мен кеңсе тауарлары салынған мектеп сөмкелері табыс етілді.

Қарағанды мұнай құбыры басқармасының жас мамандар кеңесі де акцияға белсенді қатысып, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 10 баласына мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын дайындады. Әрбір сөмке қажетті дәптерлермен, жазу құралдарымен және сурет салу құралдарымен толықтырылған.

– «Білім – балалардың болашағына салынған ең үлкен инвестиция. Біз олардың мектепке дайындығына көмектесу арқылы сенімін арттырып, оқуға деген ынтасын оятқымыз келеді», – деді Қарағанды мұнай құбыры басқармасының жас мамандар кеңесінің төрағасы Жаннұр Асанхан.

Оқу жылы қарсаңында алғаш рет мектепке баратын «ҚазТрансОйл» қызметкерлерінің балалары да назардан тыс қалмады. Павлодар мұнай құбыры басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымы 16 бірінші сынып оқушысының ата-аналарына оқу құралдарын сатып алуға арналған сыйлық сертификаттарын табыс етті.

Ата-аналар көрсетілген қамқорлық үшін ризашылықтарын білдіріп, балалар жаңа сөмкелері мен оқу құралдарын қуанышпен қабыл алды.

Мұндай игі істер компанияның корпоративтік мәдениетін нығайтып қана қоймай, «ҚазТрансОйл» қызметкерлерінде әлеуметтік жауапкершілік пен өсіп келе жатқан ұрпаққа қамқорлық көрсету құндылықтарын қалыптастырады.

Реакция:
Серiктестер