Биыл елімізде 150-ден аса студент «Қазтрансойл» АҚ өндірістік нысандарында тәжірибеден өтті. Жоба 2019 жылы білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге аса бастады. Осылайша мұнда білікті мамандардың жаңа толқыны дайындалып жатыр. Тәжірибиеден өткен студенттерге шәкіртақы да төленді.
Диас Бекешов – Назарбаев университетінің студенті. Жастайынан мұнай саласына қызығады. Тағдырдың сыйы болар. Қазір «Қазтрансойл» компаниясында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Үйренгені үшін шәкіртақы алады.
Диас Бекешов, студент:
- Мен өзімді мұнай саласында елестетемін. «Қазтрансойл» мұнай саласының жүрегі, миы деп айтуға болады. Осы бір айда аларымыз өте көп болды. Біріншіден, әрине білім. Мұнай қайдан шығады? Қайда барады? Қалай тасымалданады? Тасымалдағанда туындайтын проблемалар? Сол проблемаларды шешу сияқты сұрақтарға жауап алдық. Екіншіден, әрине тәжірибе.
Мамандардың жаңа толқынын дайындау жобасы 2019 жылы қолға алынды. Мақсат - мұнай-газ және инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша кадр дайындау. Бастаманы Білім және ғылым министрлігі қолдаған. Карантин кезіндегі кідірістен кейін тағы 150 студентке мұнай құбыры басқармаларындағы өндірістік нысандарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік берілді.
Әсел Тұқманова, «Қазтрансойл» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің менеджері:
- Бұл жоба биыл өзінің жалғасын тапты. Мұнай құбырлары басқармаларында студенттер тәжірибеден өтіп жатыр. Орталық аппаратта да студенттер тәжірибеден өтіп жатыр. Мақсатымыз - мұнайшылардың жаңа легін дайындау. Сол үшін, студенттерге мотивация болуы үшін Казтрансойл АҚ стипендия төленеді.
«Қазтрансойл» компаниясы тәлімгерлерді өзі таңдамайды. Оқу орындары тәжірбиеден өтетін студенттер тізімін баланың үлгірімі, әлеуметтік, отбасылық жағдайына қарай іріктеп береді.
Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев