Атырау мұнай құбыры басқармасының ұжымы Өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі жетекші инженері, салада 38 жыл еңбек еткен Ілияс Нұғмановты құрметті зейнет демалысына шығарып салды.
Ілияс Меңдіханұлы мұнай тасымалы саласындағы еңбек жолын 1987 жылы автокөлік жүргізушісі болып бастап, кейін механик, Арнайы техника және технологиялық көлік цехының бастығы, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының «Қиғаш» желілік-өндірістік диспетчерлік станциясының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Ол арнайы техника мен автокөліктердің сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, Атырау және Маңғыстау облыстарын ауыз сумен қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосқан сала майталмандарының бірі саналады.
Батыс филиалының бас механигі қызметінде, сондай-ақ 2018 жылдан бастап Атырау мұнай құбыры басқармасының Өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғау бөлімінде қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі жетекші маман ретінде табысты еңбек етті.
Әріптестері маманның компанияның дамуына қосқан баға жетпес үлесін ерекше ризашылықпен атап өтті. Ұжым еңбек адамына құрмет көрсетіп, оны лайықты түрде зейнеткерлікке шығарып салды.