Атырау мұнай құбыры басқармасында қыс мезгілінде кенеттен болатын су асты құбырларындағы апатты ауыздықтау жаттығуы өтіп, жеке құрамның жедел әрекет ету дайындығы тексерілді.
Жаттығу шарты бойынша Атырау мұнай құбыры басқармасының бас инженеріне су асты құбырында мұз қату кезінде шартты апат болғандығы хабарланды. Басшылық арқылы жергілікті тиісті органдарға «төтенше жағдай» туралы ақпарат жіберілді. Одан соң су асты техникалық жұмыстар учаскесі мен апатты қалпына келтіру бекетінің қызметкерлерінен құрылған апатты ауыздықтау бригадасы жаттығу бастығының нұсқаулығынан соң жедел іске кірісті.
Апатты ауыздықтау бригадасы мұзды ойып, мұзда қолданылатын бон қоршауларды жедел шығарып, ойылған мұзға орнатты. Осылайша мұз астындағы мұнай дақтары қоршалды. Дереу көлемді ыдысқа сорғы арқылы мұнай қалдықтары жиналып, арнайы техника арқылы жойылуға жіберілді. «Оқиға» орнына Батыс кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің құрамы мен «KMG-Security» ЖШС, «Медикер» ЖШС дәрігерлері тартылды. Жедел әрекет ету жаттығуын бақылаған Атырау мұнай құбыры басқармасының комиссиясы жаттығуға жақсы баға берді.