Қара теңіз аймағындағы «ҚазТрансОйл» АҚ-тың шетелдік активі – Батуми теңіз порты неміс холдингі Hamburger Hafen und Logistik AG (HHLA) құрамындағы HHLA International GmbH еншілес компаниясының ресми делегациясын қабылдады. HHLA – Еуропадағы ең ірі порттық және логистикалық операторлардың бірі.
Делегация құрамында HHLA International GmbH қаржы және даму жөніндегі директоры доктор Стефан Дом, HHLA Project Logistics LLP басқарушы директоры Корнели Корчилава және HHLA Project Logistics Kazakhstan LLC өкілі Дәулет Кәкім болды.
Батуми қаласындағы кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен Транскаспий халықаралық бағыты (Орта дәліз) бойынша көлік-логистикалық байланысты кеңейтудің маңызды қадамына айналды.
Кездесу барысында тараптар контейнерлік және жобалық тасымалдар саласындағы бірлескен жобаларды дамыту, жүк ағынының өсуін ескере отырып порт инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ логистиканың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады.
Батуми теңіз порты мен «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығы HHLA компаниясымен әріптестік инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын және Батуми қаласының Шығыс–Батыс бағыты бойынша негізгі торап ретіндегі рөлін күшейтетінін атап өтті.
![]() |
![]() |