«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жариялаған энергия тиімділігі жылы шеңберінде «ҚазТрансОйл» АҚ 2025 жылға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігі бағдарламасында көзделген іс-шаралардың барлық кешенін орындады. Іске асырылған жобалар энергия ресурстарын айтарлықтай үнемдеуге қол жеткізуге мүмкіндік берді және энергия тұтынуды басқарудың жүйелік тәсілінің тиімділігін растады.
Мәселен, 2025 жылғы қаңтарда Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының «Қаламқас» БМАС-та НМ 1250/260 магистральдық сорғы агрегаты өнімділігі 500 м3/сағ жаңа сорғы агрегатына ауыстырылды. Бұл «Қаламқас – Қаражанбас» учаскесінде, «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбырында мұнай тасымалдауға жұмсалатын электр энергиясының үлестік шығынын 18%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.
Атырау мұнай құбыры басқармасына қарасты Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында 2025 жылдың І тоқсанның соңында НМ 3600/230 магистральдық сорғы агрегаты қуаттылығы 1250 м³/сағ агрегатқа ауыстырылды. Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде жылдық электр энергиясы үнемі шамамен 1,5 млн кВт*сағ болады деп күтілуде.
Жезқазған мұнай құбыры басқармасына қарасты МАС-2 және Б.Жұмағалиев ат. БМАС-та екі СТДП-1250 синхронды электрқозғалтқышы заманауи асинхронды электрқозғалтқыштарға ауыстырылды. Электр энергиясын тұтынуды қысқарту бойынша күтілетін жылдық әсер – 300 мың кВт*сағ.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың 2 және 3 тоқсандарында компания «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының «Атырау – Самара» учаскесінде температуралық режимді оңтайландыру жұмыстарын жүргізді. Жобаны іске асыру нәтижесінде «ыстық» мұнай құбырының осы бөлігінде жолай мұнайды қыздыруға пайдаланылатын газ көлемі жылына шамамен 9 млн м³ қысқарды.
«ҚазТрансОйл» АҚ қызметінің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған барлық процестер бүгінде сәтті жүйеленді. Компания энергия сыйымдылығын төмендету және энергия ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалану үшін жаңа мүмкіндіктерді анықтау бойынша мақсатты жұмысты жалғастыра отырып, қол жеткізілген нәтижелерді ұстап тұруды жоспарлап отыр.