«Азаматтық қорғаныстың қорғаныс ғимараты» және «Қарапайым паналау орны» тақырыптарындағы үздік бейнероликке арналған республикалық конкурс өз мәресіне жетті.
Конкурс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының ұжымы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы, генерал-майор Арман Қалиевтің атынан Алғыс хатпен марапатталды.
«XXI ғасырдың паналау орны: Ақтөбе облысындағы азаматтық қорғау нысаны заманауи жүйелермен жабдықталған» атты бейнеролик, «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен түсіріліп, үздік деп танылды. Аталған материал ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің порталында жарияланды.
Айта кетейік, жуырда Ақтөбе облысында санатталған ұйымдарға жататын «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының паналау орнында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жұмыстардың сапасы мен нормативтік талаптарға сәйкестігі облыстық ТЖ департаментінің тұрақты бақылауында болды. Паналау орны ауаны сүзу, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, санитарлық тораптар және байланыс сияқты заманауи жүйелермен толық жабдықталған. Инженерлік жүйелерді іске қосу-баптау жұмыстары мен сынақтар жүргізілді.
Қорыта айтқанда, нысан толықтай пайдалануға дайын және қажет болған жағдайда өндірістің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.