«КазТрансОйл» АҚ 2025 жылы магистральдық құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай айдау қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасының аясында «Өзен – Атырау – Самара» және «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбырлары учаскелерін қайта құру жұмыстарын аяқтады. Жобаларды жүзеге асыру мұнай тасымалының тұрақтылығын арттыру, өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ мұнай тасымалы жүйесінің негізгі бағыттарында төтенше жағдайлар тәуекелін төмендетуге негізделген.
«Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының (диаметрі 1020 мм) екі учаскесі жалпы ұзындығы 30 км көлемінде қайта құрылды. Жоба аясында құбырдың негізгі бөлігін ауыстыру, 2 дана 1000 мм диаметрлі құлыптау арматурасын орнату, сондай-ақ мұнай тасымалы параметрлерін жедел бақылауды қамтамасыз ететін автоматтандыру және телемеханика жүйелері енгізілді.
«Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» мұнай құбырының (диаметрі 530 мм) 23 км учаскесінде қайта құру жұмыстары аяқталды. Жұмыс барысында 0-ден 23 км-ге дейінгі желілік бөлігі ауыстырылды. Учаскеде басқару пунктінің жабдықтарына электр энергиясын жеткізетін қайта жаңартылатын энергия көзі орнатылды. 23 км-де жаңа желілік түйінді орнату, тазалау және диагностика құралдарын қосу камерасын салу, дренаж және технологиялық параметрлерді бақылау жүйесін іске асыру жұмыстары жүргізілді.
Екі учаскені (23 және 30 км) қайта құру аясында құбырларға қосымша зауыттық оқшаулау жабдықтары қолданылып, коррозиядан сенімді қорғаныс қамтамасыз етілді. Электрмен жабдықтау және электрохимиялық қорғау жүйелері жаңартылып, қазіргі өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай заманауи жабдық орнатылды.
«Өзен – Атырау – Самара» және «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» учаскелерін қайта құру мұнай тасымалы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларға мұнайдың сенімді және қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.