«ҚазТрансОйл» АҚ 2024 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасының (KASE) «Ашықтыққа ұмтылыс» дипломына ие болды. Сонымен қатар, компания 2023 жыл үшін «Қаржылық емес саладағы үздік жылдық есеп» номинациясында жеңімпаз деп танылды.
Наградаларды табыстау салтанатты рәсімі 14 ақпанда Алматы қаласында өтті. Байқауға 2023 жылға арналған жылдық есептері мен тұрақты даму туралы есептерін ұсынған Қазақстан Республикасы резиденттері қатысты. Бағалау бірнеше шарттар бойынша жүргізілді, оның ішінде ақпаратты ашудың толықтығы мен сапасы болды.
«ҚазТрансОйл» АҚ жылдық есебінде 2023 жылға арналған қаржылық және өндірістік қызмет нәтижелері, тұрақты даму саласындағы жетістіктері және компанияның орта мерзімді даму жоспарлары көрсетілген.
KASE-нің «Ашықтыққа ұмтылыс» дипломы жыл сайын ақпаратты ашудың үздік тәжірибелерін, деректерді уақытылы және белсенді түрде ұсынуды көрсететін компанияларға тапсырылады.
«ҚазТрансОйл» АҚ осы наградаға 2017-2020, 2022, 2023 жылдардағы қызмет қорытындылары бойынша ие болған, бұл оның корпоративтік басқару стандарттарына деген адалдығын дәлелдейді.
«ҚазТрансОйл» АҚ ашықтық және айқындық принциптеріне сәйкес жұмыс істей отырып, корпоративтік есептіліктің сапасын арттырып, құнды қағаздар нарығында өзінің қызметіне деген сенімді нығайтады.