2025 жылғы 19 тамызда Қалмақ Республикасының Элиста қаласында «Каспий құбыр консорциумының Қауіпсіздік күні – 2025» аясында өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамытуға арналған Көшбасшылар саммиті өтті. Саммит қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ екі номинация бойынша марапатқа ие болды.
Биыл Каспий құбыр консорциумының көшбасшылар саммиті 13-ші рет ұйымдастырылуда, ал оның өткізілу алаңдары ретінде КҚК қызметі жүзеге асырылатын өңірлердің қалалары таңдалып келеді. Шараның басты мақсаты – өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамыту, сондай-ақ қызметкерлер мен серіктестерді қауіпсіздік саласындағы жауапкершілік мәселелеріне қатысты ашық диалогқа тарту.
Саммитке КҚК-ның топ-менеджменті, сала мамандары мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында «ҚазТрансОйл» АҚ да бар. Компания Қазақстан аумағындағы КҚК мұнай құбыры жүйесіне техникалық қызмет көрсететін ірі мердігерлердің бірі болып табылады. Іс-шараға операторлық қызметтер департаментінің директоры Нұрлыбай Беков, өндірістік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және төтенше жағдайлар департаментінің директоры Асқар Қабылов, Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының бастығы Сергей Ковальчук және «Магистралдық су құбыры» ЖШС өкілдері қатысты.
КҚК Көшбасшылар саммитіне қатысушылар еңбекті қорғау, өндірістік және экологиялық қауіпсіздікке қатысты кейстерді талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде, өндірістік қауіпсіздік мәдениетін нығайту және өндірістік үдерістің барлық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған ортақ міндеттемелер қабылданды.
Саммит қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ «Өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында бірінші орынға және «Мердігер ұйымдар арасында қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға қосқан үлесі үшін» номинациясында үшінші орынға ие болды. Алынған марапаттар компанияның өндірістік қауіпсіздік мәдениетінің стандарттары мен талаптарын сақтау және ілгерілету ісіндегі көшбасшылығын айғақтайды.
Әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз!