Жұмысшы мамандықтар жылы аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжі мен политехникалық колледждің ұстаздары «ҚазТрансОйл» АҚ Шымкент мұнай құбыры басқармасында қысқамерзімді тағылымдамадан өті.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – педагогтердің мұнай тасымалдау саласында қолданылатын заманауи технологиялармен және жұмыс әдістерімен танысып, алған білімдерін кейін білім беру үдерісіне енгізу.
«Біз студенттерге технологиялар мен жабдықтар туралы көбіне тек теория жүзінде түсіндіреміз. Мұнда барлығын өз көзімізбен көрдік, енді білімімізді анағұрлым нақты әрі қызықты жеткізе аламыз», – деп әсерімен бөлісті М. Әуезов атындағы университеттің «Мұнай-газ ісі» мамандығының оқытушысы Мейіржан Абдрахманов.
Тағылымдама мамандарды дайындаудың практикалық бағытын тереңдетуге, білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруда маңызды қадам болды.