KZTO 819,90 (+0,35)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 819,90 (+0,35)

ҚазТрансОйл» қызметкерлері жазғы спорттық сайыстарда жоғары нәтиже көрсетті

 09.09.2025    29

«ҚазТрансОйл» компаниясының қызметкерлері кәсіби қызметпен қатар спортта да жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Биылғы жазда өткен халықаралық және республикалық жарыстарда әріптестеріміз үздік нәтижелер көрсетті.

Ақтауда Каспий теңізінің жағасында ашық суда жүзуден «Oceanman Qazaqstan 2025» халықаралық турнирі өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен және Қазақстаннан келген 500-ге жуық спортшы қатысқан додада Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының жинақтау инженері Қуаныш Асқар бір қолымен 10 шақырымды 3,5 сағатта жүзіп өтіп, ерлер арасында 3-орынға, ал мүмкіндігі шектеулі қатысушылар арасында 1-орынға ие болды. Жақында Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов Қуанышпен кездесіп, ел намысын абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдіріп, марапат табыс етті. Енді әріптесіміз желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін халықаралық сайысқа жолдама алды.

Сонымен қатар, Oceanman Qazaqstan 2025 спорт сайысында «Ақтау» БМАС қабылдау-тапсыру пунктінің бастығы Елена Феронова-Попова 40–49 жас категориясында 5 шақырымдық қашықтықта 2-орын алса, Автоматтандырылған басқару жүйесі учаскесінің жетекші маманы Айбек Мұстафа 5 шақырымды сәтті жүзіп өтті. Бұған қоса, ол бұған дейін Босфор арқылы 6,5 шақырымды жүзіп өтіп, кроссконтинентальді жүзуші атағына ие болған.

Жазғы спорттық сайыстарда әріптестеріміз тек суда жүзуде ғана емес, триатлон жарысында да жақсы нәтиже көрсетті. Атырау облысының Индер ауданында алғаш рет өткен «XTriInder-2025» триатлонына қатысқан «Индер» МАС автоматика және бақылау-өлшеу аспаптары слесарі Ильяс Сағатов 100 қатысушының ішінен топ-13 қатарына енді. Жарыс бағдарламасына 600 метр жүзу, 30 шақырым веложарыс және 10 шақырым жүгіру кезеңдері кірді.

Бұл жетістіктер – компания қызметкерлерінің салауатты өмір салтын берік ұстанып, спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырғанының айқын дәлелі.

Реакция:
Серiктестер