KZTO 963,20 (+1,88)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 963,20 (+1,88)

«ҚазТрансОйл» АҚ 2025 жылы энергия үнемдеу есебінен 361 млн теңгеден астам қаржы үнемдеді

 30.01.2026    46
2025 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде 361,4 млн теңгеден астам қаражат үнемдеді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жариялаған энергия тиімділігі жылы аясында компания 2025 жылға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағдарламасында көзделген барлық іс-шараларды толық көлемде орындады. Іске асырылған жобалар энергия ресурстарын тұтынуды едәуір қысқартуға мүмкіндік беріп, энергия тұтынуды басқарудағы жүйелі тәсілдің тиімділігін растады.

Жыл қорытындысы бойынша энергия ресурстарын жалпы тұтыну алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1%-ға төмендеді, бұл 1 440 тонна шартты отынға тең. Мұнай жүк айналымына шаққандағы меншікті энергия шығыны 2,4%-ға төмендеп, 3,7-ден 3,61 ш.о.т./млн тонна*км-ге дейін азайды.

Жыл қорытындысы бойынша энергия ресурстарын жалпы тұтыну алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1%-ға төмендеді, бұл 1 440 тонна шартты отынға тең. 2025 жылы мұнай жүк айналымына шаққандағы энергияның үлестік шығыны 2024 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға төмендеп, 3,61 т.ш.о./млн тонна*км деңгейін құрады. Бұл – компанияның энергия тиімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының айшықты нәтижесі.

2025–2029 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Есепті кезеңде сорғы және электрқозғалтқыш жабдықтарын жаңғыртуға, сондай-ақ магистральдық мұнай құбырларын пайдалану режимдерін оңтайландыруға ерекше назар аударылды.

Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының «Қаламқас» БМАС-та магистральдық сорғы агрегатын ауыстыру нәтижесінде «Қаламқас – Қаражанбас» учаскесінде электр энергиясының шығыны 27%-ға төмендеп, жылына 1 115 мың кВт·сағат үнемдеуге қол жеткізілді.
Атырау мұнай құбыры басқармасының Т. Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында сорғы агрегатын жаңарту электр энергиясын 8%-ға немесе жылына 248 мың кВт·сағатқа үнемдеді.

Жезқазған мұнай құбыры басқармасының Б. Жұмағалиев атындағы БМАС-ында синхронды электрқозғалтқыштарды ауыстыру энергия тұтынуды 6%-ға төмендетіп, жылдық үнемдеу үлесі шамамен 300 мың кВт·сағатты құрады.

Сондай-ақ 2025 жылы «Өзен – Атырау – Самара» «ыстық» мұнай құбырының жұмыс режимдерін оңтайландыру жалғастырылды. «Атырау – Самара» учаскесінде мұнайды тасымалдаудың оңтайлы температуралық режимдері таңдалып, нәтижесінде мұнайды жолай қыздыру үшін пайдаланылатын газ көлемін шамамен 9 млн текше метрге үнемдеуге мүмкіндік туды.

2010 жылдан бері «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдау кезіндегі энергия шығындарын тұрақты түрде төмендетіп келеді. Соңғы 15 жылда компанияның меншікті энергия тұтынуы 8,84-тен 3,61 т.ш.о./млн тонна*км-ге дейін қысқарып, шамамен 60%-ды құрады.   
 
Серiктестер