KZTO 803,50 (-0,19)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 803,50 (-0,19)

«ҚазТрансОйл» АҚ ғылыми-техникалық даму тобының жетекшісі, ардақты әріптесіміз Латифов Қадірбек Амангелдіұлы өмірден озды

 08.08.2025    63
«ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы ардақты әріптесіміз, компанияда көп жыл еңбек етіп, оның дамуына елеулі үлес қосқан Латифов Қадірбек Амангелдіұлының дүниеден өткенін хабарлайды.
 
Қадірбек Амангелдіұлы 1966 жылдың 30 тамызында Гурьев облысында дүниеге келген және өзінің еңбек жолын Қазақстанның мұнай құбырлар көлігін дамытуға арнаған. Ол кәсіби қызметін 1990 жылдардың басында «Южнефтепровод» өндірістік бірлестігінен бастаған. Кейін сол мекеме сол негізде «ҚазТрансОйл» АҚ құрылған. Компанияда көптеген жылдар бойы жауапты басқарушылық қызметтер атқарып, жоғары кәсіптік шеберлігімен, еңбекке деген адалдығымен және белсенділігімен танылған еді.
 
Оның еңбегі, білімі мен тәжірибесі компанияның ірі жобаларын жүзеге асыруға, өндірістік нысандарды жаңғыртуға, инновациялық технологияларды енгізуге маңызды үлес қосты. Ол беделді маман, жас мамандарға ұстаз және кәсіби қоғамдастықтың белсенді мүшесі болды.
 
Мұнай-газ саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін Қадірбек Амангелдіұлы ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, «Атырау–Самара мұнай құбыры арқылы өткен 300 миллион тонна мұнай» және «Қазақстан Республикасы құбыр көлігіне 80 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «ҚазТрансОйл» АҚ 10 жылдығының мерейтойлық белгісімен, «Фёдор Достоевскийге 200 жыл» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, ол 2021 жылғы ұлттық әдебиет сыйлығы «Жыл ақыны» номинациясының иегері болып, компания басшылығынан, салалық министрліктер мен халықаралық ұйымдардан көптеген алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды.
 
Қадірбек Амангелдіұлының есімі талантты инженер, парасатты басшы және кең пейілді жан ретінде жүрегімізде мәңгі сақталады.
 
«ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы Қадірбек Амангелдіұлының туған-туыстарына және жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Қайғыларыңызға ортақпыз, осынау қиын сәтте бекем болыңыздар!
 
 
Реакция:
Серiктестер