«ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы IV халықаралық Skill Contest кәсіби шеберлік байқауына қатысуда. Іс-шараға Sino-Pipeline International Co Ltd (SPI) компаниясы қатысатын Қазақстан, Қытай, Мьянма және Өзбекстандағы ұйымдардың жергілікті мамандарын бір алаңға біріктірді.
Байқау Өзбекстанның Бұхара қаласында «АзияТрансГаз» бірлескен кәсіпорнының апаттық жағдайларды жою және жөндеу орталығы базасында өтуде. Қатысушылар құбыр көлігі саласындағы желілік құбыршы, электргазбен дәнекерлеуші, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, электрохимиялық қорғау (ЭХҚ) бойынша электромонтер және автокран машинисті мамандықтары бойынша кәсіби шеберліктерін сынайды.
Құрамында Қытаймен бірлескен бақылаудағы екі ұйым – «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС және «МунайТас» Солтүстік-Батыс Құбыр Компаниясы» ЖШС бар «ҚазТрансОйл» АҚ атынан байқауға тәжірибелі қызметкерлер бағын сынауда. Олардың қатарында желілік құбыршылар Қуаныш Есжанов пен Талғат Тижигулов, электргазбен дәнекерлеушілер Ержан Искаков, Ғани Құлмышев және Константин Никонов, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер Дастан Ибраев, электрохимиялық қорғау және жоғары кернеулі желілері бойынша аға шеберлер Иван Давыденко мен Жанәділ Мархабай, сондай-ақ автокран машинисі Алмас Қазыбеков бар.
Байқау барысында қатысушы елдердің мамандары құбыр учаскелерін пайдалану және техникалық қызмет көрсету тәжірибесімен алмасады.