2026 жылғы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова жұмыс сапарымен «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының Н.Н. Шманов атындағы мұнай айдау станциясына барды.
Сапар барысында депутат станцияның негізгі өндірістік нысандарымен, оның ішінде резервуарлық паркімен, мұнай буларын рекуперациялау қондырғысымен, сондай-ақ технологиялық процестерді басқару және штаттан тыс жағдай барысында жедел әрекет ету жүйелерімен танысты. Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өндірістік нысандарды аралау және табиғатты қорғау іс-шараларын талқылау мұнай тасымалдау саласының қоршаған ортаға әсерін реттеу мәселелерін пысықтау аясында өтті. 2019–2024 жылдар аралығында экологиялық іс-шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде «ҚазТрансОйл» АҚ нысандарында атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар көлемі 38 пайызға төмендегені атап өтілді.
Сонымен қатар, компанияда 2025–2030 жылдарға арналған шығарындыларды азайту жоспары бекітілген. Аталған жоспар зиянды шығарындыларды қосымша 20 пайызға қысқартуды көздейді. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру өндірістік процестердің экологиялық тиімділігін одан әрі арттыруға және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға бағытталған.