KZTO 819,90 (+0,23)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 819,90 (+0,23)

45 шақырымдық мұнай құбыры учаскесі күн батареяларын пайдалану арқылы гибридті энергиямен қамтуға көшірілді

 15.09.2025    30

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы арасында жарияланған операциялық тиімділікті арттыру жылы аясында «ҚазТрансОйл» АҚ «Қаламқас–Қаражанбас–Ақтау» магистральдық мұнай құбырының 45 шақырымдық учаскесіндегі энергиямен қамту жүйесін жаңғыртуды аяқтады.

Мұнай құбырының 62-107 шақырымдық желілік бөлігінде орналасқан «Қаражанбас–Қияқты» учаскесі жаңартылатын энергия көздері мен дизельдік генераторларды біріктіретін гибридті электрмен жабдықтау жүйесіне ауыстырылды.

Жобаны жүзеге асыру аясында мұнай құбырының 63-ші, 87-ші және 107-ші километрлік учаскелеріне күн батареялары бар контейнер типтегі үш автоматтандырылған гибридті электр қондырғысы орнатылды. Әрбір қондырғы 48 панельден тұратын фотоэлектрлік жүйені, 40 кВА қуатты дизель-генераторды, аккумуляторлық батареяларды, заряд контроллерлерін, басқару панелін және қашықтықтан мониторинг жүйесін қамтиды.

Автоматтандырылған гибридті электр қондырғаларын енгізудің арқасында объектінің сенімділігі артты: учаскенің электрмен жабдықтау категориясы үшіншіден біріншіге көтерілді, бұл мұнайды Ақтау теңіз портына, битум зауытына және «Өзен–Атырау–Самара» жүйесі арқылы тиімді тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Контейнерлік конструкция қондырғының –40°С-тен +40°С-қа дейінгі температура айырмашылықтарында және ауадағы максималды салыстырмалы ылғалдылық жағдайында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Герметикалық орындау сыртқы тәуекелдерді азайтып, техникалық қызмет көрсетудің қауіпсіздігін арттырады. Барлық қондырғылар бейнебақылау және жарықтандыру жүйелерімен жабдықталған.

Шалғай орналасқан нысан үшін учаскені автономды, біріктірілген электрмен жабдықтауға көшіру өте маңызды. Бұл шешім мұнай тасымалының энергия тиімділігін арттырады, орталықтандырылған желілерге тәуелділікті және компания нысандарының электр энергиясын тұтынуын азайтады.

Жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төменкөміртекті даму бағдарламасын іске асыруға «ҚазТрансОйл» АҚ қосқан үлесін көрсетеді және компанияның көміртексіздендіру курсына, жаңартылатын энергия көздерін енгізуге және құбыр инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға бейілділігін растайды.



Серiктестер