«ҚазТрансОйл» АҚ маңызды инфрақұрылымдық нысандардың бірі – Б. Жұмағалиев атындағы бас мұнай айдау станциясындағы химиялық сараптамалық зертхананың құрылысын аяқтады. Жобаны іске асыру «Павлодар – Шымкент» магистралды мұнай құбыры арқылы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) мұнай өңдеу зауытына және «Атасу» бас мұнай айдау станциясына жеткізілетін мұнай сапасын бақылауды күшейту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
Зертхана мұнайдың тығыздығы, су мөлшері, хлорорганикалық қосылыстар, күкірт және басқа да көрсеткіштері бойынша жедел физика-химиялық сараптама жүргізу қажеттілігіне байланысты құрылды. Бұл, әсіресе, мұнайды екі бағытта тасымалдау кезінде аса маңызды:
– Б. Жұмағалиев атындағы БМАС – «Атасу» БМАС (экспорттық бағыт – «Атасу – Алашанькоу» магистралды мұнай құбыры);
– Б. Жұмағалиев атындағы БМАС – «Шолаққорған» БМАС («ПҚОП» ЖШС мұнай өңдеу зауытына арналған бағыт).
Сондай-ақ мұнайдың ай сайынғы натуралды қалдықтарын алу кезінде оның сапасын анықтау рәсімі оңтайландырылады. Сонымен қатар, «Павлодар – Шымкент» мұнай құбыры бойындағы «Атасу» БМАС – Б. Жұмағалиев атындағы БМАС – «Шолаққорған» БМАС учаскесінде Мұнай сапасы банкін жүргізу мүмкіндігі пайда болады.
Қазіргі таңда мұнай сынамаларын сараптау 200 шақырым қашықтықта орналасқан «Құмкөл» бас мұнай айдау станциясындағы химиялық сараптамалық зертханада жүргізілуде. Б. Жұмағалиев атындағы БМАС-та жаңа зертхананың ашылуы сынамаларды алыс қашықтыққа тасымалдау қажеттілігін жойып, тасымалданатын мұнай сапасын бақылаудың жеделдігі мен тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Жаңа нысанның пайдалануға берілуімен жеті жаңа жұмыс орны ашылады. Жақын арада іске қосу-баптау жұмыстары, жаңа жабдықтарда персоналды оқыту және метрологиялық қамтамасыз ету рәсімдерін өткізу жоспарлануда.