KZTO 963,20 (+1,88)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 963,20 (+1,88)

«ҚазТрансОйл» АҚ жас маманы «7 Qadam PRO» республикалық байқауында 1000 қатысушы арасынан жеңіске жетті

 30.01.2026    12
«ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Сай-Өтес» мұнай қыздыру стансасының апатты-қалпына келтіру пунктінің аға шебері Төлеген Қылышбаев Астана қаласында өткен «Самұрық-Қазына» АҚ мекемелері арасындағы «7 Qadam PRO» республикалық командалық байқауының жеті жеңімпазының бірі атанды.

Байқау өңірлердегі өндірістік алаңдарда еңбек ететін жас мамандардың кәсіби әлеуетін ашуға, шығынды азайтып, тиімділікті арттыруға бағытталған тың бастамаларды қолдауға арналған.

Байқауға 1000-нан астам өтінім қабылданып, жеті кезең бойынша қатаң іріктеуден өткен жобалардың ішінен соңғы кезеңге 22 жоба өтіп, оның ішінде жеті жоба жоғары нәтижеге ие болды.

Төлеген Қылышбаев өндірістік жарықтандыруда құбырлы жарық өткізгіштерді қолдану жөніндегі авторлық жобасын қорғады. Жоба электр энергиясына тәуелділікті азайтып, өндірістік шығындарды төмендетуге бағытталған. Комиссия мүшелері оның практикалық маңызын ерекше атап, жобаны өндірістік жағдайда қолдануға болатынына сенім білдірді.

Жеңімпаздарға «Samruk Business Academy» ЖШС басшысы Абзал Ерболғанов сертификат табыс етті. «Жеті қадам» бағдарламасы аясында үздіктер биыл еліміздің жеті қаласында өндірістік компанияларды аралап, заманауи технологиялармен танысып, тәжірибе алмасады. Қатысушыларға жобаны жоспарлау, стратегия құру, тәуекелдер мен шығындарды басқару бағытында тәжірибелі мамандар дәріс оқып, практикалық тапсырмалар берді.

«Үздіксіз ізденіс адамды кәсіби тұрғыда ғана емес, тұлға ретінде де қалыптастырады. Ұсынылған жобамыз ел игілігіне жараса, мақсатымыздың орындалғаны. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға, компанияма алғысым шексіз», – дейді Төлеген Қылышбаев. 
 
Серiктестер