KZTO 825,98 (+1,10%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 825,98 (+1,10%)

Финалдық ойындарға жолдама алды

 13.08.2024    48
Павлодарда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың компаниялар тобы қызметкерлерінің арасында өтіп жатқан спартакиадада қазтрансойлдық командалар ақтық кездесулерге жолдама алды. Атап айтар болсақ, ерлер арасында волейбол құрамасы ертең «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС командасымен бірінші орынды сарапқа салады. Ал қыздардан жасақталған волейбол командасы болса финалдық кездесуде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС кұрамасымен чемпиондық атақ үшін күреседі. Мұнайқұбыршы баскетболшылар да аталмыш кәсіпорын командасымен ақтық сында бірінші орынды таразыға салмақ. Футболшыларымыз «Каzakhstan Petrochemical Indastries Ins» ЖШС аяқдопшыларымен үшінші орын үшін жасыл алаңға шығады.

Жекелеген спорт түрлері бойынша әріптестеріміз жүлделі бірінші орындардан көрінді. Атап айтар болсақ, шахматтан Валерий Аллаяров алдына жан салмады. Ал Сабина Умурзакова тоғызқұмалақ тақтасында мықты екенін кезекті рет дәлелдеді. Ерлер арасында Ғалымжан Туленбаев үшінші орынды қанағат тұтты.

Суда жүзуде (40 жасқа дейін) петропавлдық Игорь Сорокин 800 метрді бірінші боп бағындырса, әйелдер тобында павлодарлық Ирина Филяева (40 жастан жоғары) 400 метрді еркін жүзіп өтті.  Алтынай Инташева (40 жасқа дейін) болса жүзу жолағында екінші орыннан көрінді. Үстел теннисінен жезқазғандық Томирис Амангелді екінші тұғырға көтерілді. Бұл жарысқа Томирис бірінші рет қатысқанын және әбден тіс қаққан қарсыластармен кездескенін атап өту керек. Армрестлингіден маңғыстаулық Елена Буркальцева (65 келіден жоғары)  білекті ғана емес, жүректі екенін дәлелдеді.  Батумиден келген әріптесіміз Шорена Девадзе (65 келіге дейін) болса екінші орынды місе тұтты. Ерлер арасында шымкенттік Әліби Несіпбаев (80 келіге дейін) күміске ие болса, атыраулық Нұржан Жарбулов (80 келіден жоғары) үшінші орынды қанжығасына байлады. Спартакиадада асық атушылар командасы бесінші орыннан көрінсе, кибер спорт командасы турнир кестесінде төртінші орында.

Спортшыларымызға сәттілік серік болсын!




Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер