KZTO 963,20 (+1,88)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 963,20 (+1,88)

45 млн тоннадан астам мұнай: «ҚазТрансОйл» АҚ соңғы жеті жылдағы рекордтық тасымалдау көлеміне қол жеткізді

 16.01.2026    45

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «ҚазТрансОйл» АҚ-да (ҚТО) кеңес өткізді. Оның барысында 2025 жылғы қызметтің қорытындылары шығарылып, сондай-ақ ағымдағы жылға арналған басым міндеттер айқындалды.

ҚТО Бас директоры Арман Қасенов өткен жылдың қорытындысы бойынша компания елдің магистральдық мұнай құбырлары жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткенін баяндады.

2025 жылы ҚТО-ның магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы мұнай тасымалдау көлемі 45,1 млн тоннаны құрап, бұл соңғы жеті жылдағы рекордтық көрсеткіш болды. Мұнай жүк айналымы 36 млрд тонна-километрден асты.

2025 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілген мұнай көлемі 18 млн тоннадан асып, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға жоғары көрсеткішке ие болды.

«Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ тобы және Petrotrans Limited компаниясы бойынша есептік кезеңде мұнай өнімдері мен газды қайта тиеу көлемі 1,9 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 3%-ға артты. Ал 2025 жылғы жүкті қайта тиеудің жалпы көлемі 7,2 млн тоннаға жетіп, өткен жылғы деңгейден 10%-ға жоғары болды.

Әлемдік нарықтардағы қазіргі ахуал жағдайында ұлттық оператор мұнайды тұрақты тасымалдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ тасымалдау бағыттарын одан әрі әртараптандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.

Кеңес барысында ҚТО-дағы энергия тиімділігі жөніндегі жұмыстардың қорытындылары да қаралды. Технологиялық режимдерді оңтайландыру және жаңа тәсілдерді енгізу есебінен 9 млн м³ табиғи газ және 1 675 кВт·сағ электр энергиясы үнемделді. Экономикалық тиімділік 361 млн теңгені құрап, парниктік газдар шығарындылары 2,8 тоннаға қысқарды. Энергия ресурстарын тұтынуды қысқартуға бағытталған қабылданып жатқан жүйелі шаралардың нәтижесінде 2025 жылы мұнай жүк айналымына шаққандағы энергияның үлестік шығыны 2024 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеп, 3,61 ш.о.т./млн тонна*км деңгейін құрады. Ал 2010–2025 жылдар аралығында аталған көрсеткіш 60%-ға азайды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында «ҚазТрансОйл» АҚ жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып бірқатар жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, мұнай құбыры жүйесінің зақымданбауын басқарудың ақпараттық жүйесін енгізу көзделген. Бұл мұнай тасымалдаудың қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға, апаттық деңгейін және жөндеу шығындарын азайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«ҚазТрансОйл» АҚ өндірістік алаңдарда қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жұмыстарын жалғастыруда. 2025 жылы 10 мың шаршы метрден астам әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жаңартылып, жаңа заманауи ғимараттар пайдалануға берілді.

Серiктестер