2026 жылғы 2 ақпанда «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Арман Қасенов жұмыс сапары аясында Атырау қаласындағы компанияның өндірістік нысандарын аралап, еңбек ұжымымен кездесті, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер басшыларының есептерін тыңдады.
Атырау мұнай құбыры басқармасы (Атырау МҚБ) — «ҚазТрансОйл» АҚ жекеленген құрылымдық бөлімшесі болып табылады және ішкі нарық пен экспорт бағыттары бойынша мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, мұнай Атырау мұнай өңдеу зауытына, сондай-ақ «Мұнайтас» СБҚК» ЖШС мұнай құбырлары жүйесі арқылы Павлодар мұнай-химия зауытына және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не жеткізіледі. Бұдан бөлек, мұнай «КҚК-Қ» АҚ мұнай құбырлары жүйесіне айдау арқылы және «Атасу – Алашанькоу» магистральдық мұнай құбырымен Еуропа елдері мен Қытай нарығына экспортталады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Атырау МҚБ арқылы тасымалданған мұнайдың жалпы көлемі 25,3 млн тоннаны құрап, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 0,7 млн тоннаға артық. Басқарманың жүк айналымы өткен жылмен салыстырғанда 0,4 млрд тонна-шақырымға артып, 6,983 млрд тонна-шақырымды құрады.
2025 жылы «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының 677–691 шақырым аралығындағы учаскесінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Индер» мұнай айдау станциясында тазалау және диагностикалау құралдарын іске қосу және қабылдау камераларының құрылысы жүзеге асырылды.
Т. Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында жаңа өндірістік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде блокты қазандық пен химиялық зертхана салу көзделген. Бұл жобалар өндірістік инфрақұрылымның сенімділігі мен пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған.
Н. Шманов атындағы мұнай айдау станциясында Арман Қасенов еңбек ұжымымен кездесті. Ашық диалог форматында ауысымдық персоналдың еңбек жағдайлары мен өзекті өндірістік мәселелер талқыланды. Қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті түсіндірмелер берілді.
Жұмыс сапары барысында Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының (БОҚБ) қызметі туралы есептер де тыңдалды. Аталған басқарма Қазақстан Республикасы аумағындағы Каспий құбыр консорциумы, «Мұнайтас» СБҚК» ЖШС, «Қазақстан–Қытай құбыры» ЖШС, сондай-ақ Karachaganak Petroleum Operating B.V. нысандарындағы магистральдық мұнай құбырларын пайдалану мен техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. 2025 жылы мұнай құбырларының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған барлық жоспарлы жұмыстар толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалды.
2025 жылғы өндірістік қорытындылар туралы «Магистральдық Су құбыры» ЖШС бас директоры Еркін Таңқыбаев баяндады. Аталған компания Атырау облысының бірқатар аудандары мен Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ететін жалғыз көз болып табылады. Есепті кезеңде компания арқылы 25,9 млн текше метр су тасымалданды, оның шамамен 60%-ы халықты орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін коммуналдық кәсіпорындарға бағытталды. Бюджетке аударылған салық көлемі шамамен 3 млрд теңгені құрады. Экологиялық бастамалар аясында 2025 жылы табиғи ортаға бағалы балық түрлерінің 52 мыңнан астам шабағы жіберіліп, аумақтарды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Барлық құрылымдық бөлімшелер басшыларының есептері тыңдалғаннан кейін өндірістік қызметтің сенімділігін арттыруға, нысандарды пайдалану тиімділігін жоғарылатуға және компанияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.