«ҚазТрансОйл» АҚ-та жаңа ұжымдық келісімшартқа қол қойылды. Жаңа құжат қолданыстағы ұжымдық келісімшарттың мерзімі аяқталуына байланысты қабылданды. Шарттың жобасын жұмыс беруші мен жұмыскерлердің өкілдерінен тұратын екіжақты комиссия әзірлеген. Оны «ҚазТрансОйл» АҚ-тың еңбек ұжымы талқылап, мақұлдады.
Жаңа құжатқа Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне 2021 және 2023 жылдары енгізілген түзетулерге қатысты өзгерістер қабылданды. Құжат редакциясында еңбек заңнамасының өзекті ережелері, сондай-ақ жаңа Салалық келісімнің ережелері ескерілді. Келісімшартқа қол қою рәсімінде сөз сөйлеген «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Талғат Құрманбаев ұжымдық шартты әзірлеу жұмысына қатысқан комиссия мүшелеріне атқарылған жұмысы үшін алғысын білдіріп, аталмыш құжаттың әлеуметтік әріптестіктің негізгі құралдарының бірі екенін баса айтты.
Келісімшарт жобасын әзірлеу барысында «ҚазТрансОйл» АҚ жұмыскерлер кәсіподағы тарапынан 30-ға жуық ұсыныс түскен. Ұжымдық келіссөздер тараптары аса мұқтаждар үшін әлеуметтік қолдау түрлерін енгізу туралы ұсыныстарды мақұлдады. Мәселен, мүгедек балалары бар жұмыскерлер үшін жасалатын әлеуметтік қолдау айтарлықтай кеңейтілді. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек жағдайларын бірқалыпты ұстауға мүмкіндік береді.