KZTO 855,00 (+0,05)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 855,00 (+0,05)

«ҚазТрансОйл» АҚ өндірістік нысандары қысқы маусымға дайын

 23.10.2025    32

«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының өндірістік нысандары күзгі-қысқы кезеңде үздіксіз және тұрақты жұмыс істеуге 100% дайын. Дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес және белгіленген мерзімде толық көлемде аяқталды.

Өндірістік нысандарды суық мезгілде қауіпсіз әрі сенімді пайдалану мақсатындағы дайындық жұмыстарына барлық құрылымдық бөлімшелер қатысты.

Бұл бағыттағы дайындық шаралары осы жылдың шілде айында басталған болатын. Жүргізілген жұмыстар тізбесіне магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігіндегі жабдықтар мен құрылыстарға, ысырма арматуралар мен құдықтарға техникалық қызмет көрсету және ағымдағы жөндеу жұмыстары, сондай-ақ сумен жабдықтау, салқындату, дренаж және кәріз жүйелерін күтіп-ұстау кіреді.

Қысқы кезеңге дайындық аясында резервуарлар тиісті жұмыс режиміне ауыстырылды, автономды электр станциялары мен автоматты кернеу беру жүйелерінің жұмысқа қабілеттілігі тексерілді, талшықты-оптикалық байланыс жүйесінің (ТОБЖ) жабдықтарына қызмет көрсетілді, өндірістік және тұрмыстық ғимараттар жылыту материалдарымен қапталды, қазандықтар мен жылу желілеріне қысқы дайындық паспорттары алынды.

Қазіргі уақытта жоспарланған барлық ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар толық көлемде орындалды. Олар 5197 шақырымнан астам магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігін, 118 резервуарды, 36 айдау станциясын, 5 құю-төгу эстакадасын, сондай-ақ электрмен жабдықтау, электрохимиялық қорғау, автоматика және телемеханика, жылумен жабдықтау және өндірістік-технологиялық байланыс нысандарын қамтиды.

Дайындықтың табысты аяқталғанын растайтын құжаттар ретінде компания 42 акт пен 36 қысқы дайындық паспортын алды. Олар компанияның барлық энергиямен қамтамасыз ету жүйелерін қамтиды.

«ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі 2025-2026 жылғы күзгі-қысқы кезеңде сенімді, тұрақты және апатсыз жұмыс істеуге толық дайын.

Серiктестер