KZTO 842,00 (+0,32%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 842,00 (+0,32%)
Brent ()
WTI ()
0
0
0

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды

 03.08.2022    647
Павлодарда компанияның дербес құрылымдық бөлімшелері жұмысшыларының арасында «Үздік маман» конкурсының екінші кезеңі аяқталды. Оған барлығы 39 мұнайқұбыршы қатысты. 2003 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан жарыс биыл өте тартысты өткенін атап өту керек. Төрт мамандық бойынша «сен тұр, мен атайын» мамандар бас қосқан сайыста өз басқармаларында үздік атанғандар екі күн бойы теориялық және тәжірибелік сында бақтары мен баптарын қатар сынады.  


-Бұл жарысқа үздіктердің үздіктері ғана қатысады. Негізгі мақсаты - жұмысшылардың кәсіби шеберліктерін арттыру. Сонымен қатар біздің компанияда еңбек ететін жұмысшы мамандықтарын ынталандыру және насихаттау болып табылады. Жеңімпаздар болашақта біздің құрылымдық бөлімшелердегі жұмыс сапасын одан әрі арттыруға, сапалы атқаруда алғашқы қатарда болады, сол секілді  мансаптық өсулеріне жол ашады. Жалпы мұндай жарыс мұнайқұбыршылардың өз шеберлігін көрсетудің және дәлелдеудің бірегей мүмкіндігі. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл конкурсқа қатысушылар кәсіби тұрғыдан өскенін көрсетті, әр мамандық бойынша жарыстар тартысты өтті, бәрі жоғары дайындықпен келген, - дейді Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, орталық комиссияның төрағасы Сәбит Арынов.  


Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының «Атырау» мұнай айдау станциясында технологиялық жабдықтарды жөндеуші слесарь болып еңбек ететін жарыс жеңімпазы Рысбек Сәрсенғалиев басында толқулар болғанын айтады.

-Жарыс болғаннан кейін толқулардың болуы заңдылық қой. Бірақ оның бәрін жеңіп шықтық. Конкурстың арқасында өзім үшін жаңашылдықтар ашылды. Ең бастысы тәжірибе алмастық. Алдағы уақытта жіберген қателіктерімнің бәрін түзейтін боламын, - дейді ол. Ал Павлодар мұнай құбыры басқармасының электр жабдықтарын жөндеуші және қызмет көрсетуші электр монтері Александр Ерёмин конкурс арқылы өзінің кәсіби тұрғыдан өскенін, мамандығына деген қызығушылығы артқанын айтады.  Жезқазғандық Артур Сладков болса электр монтерлері арасында үлкен абыройға ие. Себебі ол бұған дейінгі жарыстарда топ жарған білікті маманның бірі. Қазіргі күні «Құмкөл» БМАС-та еңбек етеді.


-Көптеген жарыстарда бақ сынадым, жеңістерге жеттім. Бірақ әр жарыстың өзіндік ерекшеліктері бар. Биыл да сондай сезімде болдым. Мен үшін әр конкурстың орны бөлек, - дейді ол ризашылық сезімін жасырмай.


Биылғы конкурста желілік құбыршылар арасындағы дода өте тартысты өтті. Жеңімпазды анықтау жолында қазылар құрамы да қиналғанын айта кету керек. Нәтижесінде павлодарлық Самат Нығыметовтың бағы жанды.

-Конкурсқа алғаш рет қатысып отырмын. Мұндай тартыс болады деп ойламаған едім. Өз басым осындай конкурсты ұйымдастырған компания басшылығына, дайындаған нұсқаушыларыма мың алғыс білдіремін. Бұл өсіп келе жатқан жастар үшін үлкен сабақ болды, - дейді Самат.


Биылғы жарысқа алғаш рет қатысып топ жарған мұнайқұбыршылар да жетерлік. Мұның барлығы конкурсқа жауапты дайындықтың жемісі деп бағалаған абзал. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне «ҚазТрансОйл» АҚ Оңтүстік-Шығыс құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы»  қоғамдық бірлестігі ПМҚБ бастапқы кәсіподақ ұйымы да атсалысқанын атап өткен жөн.


«Үздік маман» конкурсы 2-кезеңінің жеңімпаздары:
 
»Желілік құбыршы» мамандығы бойынша
1 орын: Нығыметов Самат, Павлодар МҚБ ТАҚП желілік құбыршысы;
2 орын: Қажиев Сержан Сансызбайұлы, Атырау МҚБ АҚП желілік құбыршысы;
3 орын: Есімов Манат Сұлтанбекұлы, Шығыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының №11 МАС АҚП желілік құбыршысы.

 
«Электр-газбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша
1 орын: Жексенбаев Нурбек Жексенбайұлы, Құлсары МҚБ АҚП электр-газбен дәнекерлеушісі;
2 орын: Махорин Андрей Сергеевич, Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының «Атырау» ЖПУ электр-газбен дәнекерлеушісі;
2 орын: Моторный Максим Николаевич, Павлодар МҚБ ТАҚП электр-газбен дәнекерлеушісі;
3 орын: Құткелді Олжас Нұрланұлы, Маңғыстау МҚБ «Өзен» БМАС электр-газбен дәнекерлеушісі.

 
«Технологиялық жабдықтарды жөндеуші слесарь» мамандығы бойынша
1 орын: Сәрсенғалиев Рысбек Ғаниұлы, Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының «Атырау» МАС технологиялық жабдықтарды жөндеуші слесарі;
2 орын: Жайлауов Ғанибек Мұстафаұлы, Маңғыстау МҚБ ӨҚБ технологиялық жабдықтарды   жөндеуші слесарі;
3 орын: Сейілханов Нұрғазы Малатайұлы, Павлодар МҚБ  ӨҚБ технологиялық жабдықтарды   жөндеуші слесарі.

 
«Электр жабдықтарын жөндеуші және қызмет көрсетуші электр монтері» мамандығы бойынша
1 орын: Ерёмин Александр Сергеевич, Павлодар МҚБ  ӨҚБ электр жабдықтарын жөндеуші және қызмет көрсетуші электр монтері
2 орын: Сладков Артур Васильевич, Жезқазған МҚБ «Құмкөл» БМАС электр жабдықтарын жөндеуші және қызмет көрсетуші электр монтері;
3 орын: Ғизатулин Рахат Бекболатұлы, Маңғыстау МҚБ «Жетібай» МАС  электр жабдықтарын жөндеуші және қызмет көрсетуші электр монтері.

Бейбіт Бөжен.
Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер