KZTO 842,00 (+0,32%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 842,00 (+0,32%)
Brent ()
WTI ()
0
0
0

Саркис Снхчян: «ҚазТрансОйл» компаниясының құрылуымен өндірісті қайта жаңғырту дәуірі басталды

 03.04.2024    1432
Саркис Снхчян ардагер-мұнайқұбыршы, Қазақстан мұнай тасымалы саласының білгір мамандарының бірегейі. Ол 1994-2015 жылдары аралығында Атырау мұнай құбыры басқармасына жетекшілік етті. Осы кезең «ҚазТрансОйл» АҚ-ның құрылып, өндіріс бірыңғай жүйеленіп, елдегі мұнай тасымалы саласы жаңа даму сатысына түскен еді. Компанияның құрылуы отандық мұнай тасымалына қалай әсер етті? Ардагер-мұнайқұбыршының естелігін назарларыңызға ұсынамыз.

1994 жылы Атырау мұнай құбыры басқармасының бастығы болып тағайындалдым. Бұрыннан басқармада жұмыс істеп жатқан соң, маған өндірістегі барлық жағдай белгілі болатын. Бұл Тәуелсіздік алып жатқан кезең. Бүкіл Қазақстанда экономикалық жағдай ауырлау. Бірақ біздің алдымызда мұнайды енді экспортқа тоқтатпастан шығару мақсаты тұрды. Ол үшін мұнай құбыры бойы сенімді болуы қажет.
 
Осы жылы «Южнефтепровод» өндірістік бірлестігінің басшысы Тарас Қасымов және бас инженері Фердинат Мамоновтың қолдауымен, «Атырау-Самара» магистральды мұнай құбырын қайта жаңғыртуды (реконструкция) қолға алдық. Ол екеуі де Атырау мұнай құбыры басқармасының басшылығында болған азаматтар, біздегі өндірістің жайын жақсы білетін. Бастапқы кезең «Атырау-Карманово» учаскесін 1994 жылы бастадық. Екінші кезеңде «Карманово-Индер» учаскесі, одан соң «Индер-924 шақырым» учаскесін бітірдік. Бір жылдың ішінде осы аралықтағы мұнай құбырын жаңалап шықтық. Нәтижесінде, 1995 жылы Самараға 11 млн. тонна мұнай шығарылды. Бұрын бұл көрсеткіш жылына 7 млн. тоннадан аспайтын.
 
Өндіріс ұлғайғандықтан оны автоматтандыру, сорғы станцияларының қуатын арттыру бағытында да жұмыс қатар жүрді. 1997 жылы «ҚазТрансОйл» компаниясы құрылған соң, Батыс филиалы құрамына Атырау мұнай құбыры басқармасы кірді. Бір орталықтан басқару үшін SCADA жүйесін барлық мұнай айдау станцияларына енгізуді қолға алдық. Бұл өндірісті оңтайландыру үшін үлкен мүмкіндік еді. Осы кезеңнен бастап біз өндірісті қайта жаңғыртудың жоспарын жасап, жүзеге асыруға кірістік. Біздің ұсынысымызды компания басшылығы қолдады. 1998-99 жылдары Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында екінші құю, тиеу эстакадасын өз күшімізбен салдық. Жылына мұнай құбыры және вагондармен 14 млн.тоннаға дейін мұнай экспортқа шығарыла бастады.
 
Мұнай айдау станцияларындағы қыздыру пештерін қайта жөндеуден өткізіп, мұнай газбен қыздыру жүйесіне ауыстырылды. 2000 жылдары резервуар паркі түгелдей жаңартылып, Т.Қасымов атындағы МАС-та өрт сөндіру жүйесі, инженерлік коммуникациялар қайта жаңартылып, станция ішіне асфальт жол салынды. Орталық химиялық зертханасын жаңадан салып, оның стандарттарға сай мұнайды сараптауы үшін әлемдік деңгейдегі қондырғыларын орнаттық. 2013-2015 жылдары Атырау мұнай құбыры басқармасының жаңа ғимараты салынды. Бұрын басқару аппараты тар ғимаратта отырды және өндірісті басқаратын қызметтер әр жерде шашыраңқы болатын. Жаңа ғимарат басқару аппаратын бір орынға жинады және жұмыс істеуге барлық жағдайы жасалды, асханасына дейін қарастырылды.
 
Атырау мұнай құбыры басқармасының сол жылдардағы атқарған жұмысы ерен болатын, мен оның бастыларына ғана тоқталдым. Осы жылдары қанша қиындыққа қарамастан аталған жұмыстарды атқарған ауызбіршілігі мол ұжым деп айтар едім. Себебі, ұжым қай істі болмасын жұмыла атқаратын. Соның нәтижесі болар, бүгінде Атырау мұнай құбыры басқармасы компанияда алдыңғы қатарлы өндірістік ұжым. Маған осындай ауызбіршілігі мен татулығы мығым ұжым басшылығында болғаным әркез ыстық. Барша қызметкерлерді компанияның құрылған күнімен құттықтап, алда үлкен табыс тілеймін!


 
Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер