Атырау мұнай құбыры басқармасы Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциясының мұнай тиеу-құю эстакадасында күтпеген жерден өрт шығып, шұғыл дабыл қағылды.
Өрт-тактикалық жаттығудың негізгі мақсаты – №1 темір жол эстакадасында мұнай вагондарында өрт шыққан жағдайда жедел өшіруді қамтамасыз ету және нысандағы өртке қарсы қызметі мен мемлекеттік өрт сөндіру құрылымдарын жұмылдыру.
Оқу-жаттығудың басталғаны жарияланғаннан кейін станцияның ауысым басшысы өрт туралы нұсқаулық бойынша тиісті орындарға хабарлады.
Станцияда дереу өрт дабылы жарияланып, МАС-тың өртке қарсы су жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе 54 өрт гидрантынан, ГПС-600 көбік генераторымен жабдықталған өрт сөндіру жүйесі мен вагондарды салқындататын 32 стационарлық лафетті су атқыштардан тұрады.
Шартты өрт шыққан орынға өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы мен станция қызметкерлерінен құралған ерікті өрт сөндіру тобы жедел түрде жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша от соңғы екі вагонды шарпыды, олар дереу негізгі құрамнан ағытылып, қауіпсіз аймаққа шығарылды. Үш минут ішінде оқиға орнына екі арнайы өрт сөндіру көлігімен өрт сөндіру тобы келіп, өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Біраз уақыттан кейін оларға мемлекеттік өртке қарсы қызмет жасағы қосылды.
Сонымен қатар оқиға орнына апаттық-құтқару қызметінің құтқарушылары мен медициналық бригада жедел түрде келді.
Үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде өрт жедел түрде сөндірілді. Теміржол өткелінде жеңіл жарақат алған бір «шартты зардап шегуші» жедел жәрдем көлігімен қала ауруханасына жеткізілді.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығуларға барлығы 46 адам, 7 бірлік өрт сөндіру техникасы және 8 бірлік автокөлік жұмылдырылды.