KZTO 869,46 (0,00)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 869,46 (0,00)

«Тілім менің - тірегім» тіл конкурсының жеңімпаздары анықталды

 20.10.2025    21

«ҚазТрансОйл» АҚ-та ұлты қазақ емес қызметкерлер арасында мемлекеттік тілге арналған «Тілім менің – тірегім» атты байқау өтті. Оған компанияның түрлі құрылымдық бөлімшелерінен келген 13 мұнайқұбыршы қатысты.  Іс-шара «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау қаласындағы Оқу орталығының базасында ұйымдастырылды.

Байқаудың негізгі мақсаты – қызметкерлердің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, оны ұжым арасында кеңінен насихаттау және кәсіби қызметте қолдану аясын кеңейту.

- Жарыс жоғары деңгейде өтті, барлық қатысушылар үлкен жауапкершілікпен жақсы дайындалғандарын көрсетті. Олар теориялық және шығармашылық тапсырмаларды орындап, өздерін оң қырынан таныта білді.
Осы шараны ұйымдастырып атқарған Оқу орталығы ұжымына алғыс білдіреміз, - деп атап өтті қазылар алқасының төрайымы, «ҚазТрансОйл» АҚ мемлекеттік тіл аудармашысы Айжан Құрманова.

Бәсекелестікке қарамастан, жарыс достық пен шығармашылық рухта өтті. Қатысушылардың барлығы мемлекеттік тілге деген шынайы қызығушылығы мен құрметін көрсетті.

Конкурс қорытындысы бойынша,  3 - орынды Қарағанды мұнай құбыры басқармасынан келген Фарит Тухватулин иеленді. Ал Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының жұмысшысы Александр Пузанев екінші орынға лайық деп танылды. Қазылардың ортақ шешімімен бірінші орын Шығыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының архивариусы  Валентина Ивановаға берілді.

- Мұнай тасымалы саласына жұмысқа орналасқаныма екі жылдай ғана уақыт болды. Қазіргі күні архивариус болып еңбек етемін. Осы жарысқа табанды дайындалдым. Тіпті қазақ халқының ұлттық құндылықтары болып табылатын киім-кешектер, түрлі тұрмыстық заттар туралы суреттер мен мәліметтер топтастырылған кітапша да шығардым. Алдағы күні оны толықтыру жоспарымда бар. Жарыс тартысқа толы болды, - дейді жеңімпаз Валентина Иванова.   

Конкурсқа қатысқан барлық мұнайқұбыршылар – атап кетсек,  Виктория Пирогова (Орталық аппарат), Шамиль Читаев (Маңғыстау МҚБ), Анатолий Логачев (Атырау МҚБ), Игорь Емельянов (Құлсары МҚБ), Влада Матвиенко (Жезқазған МҚБ), Ирина Мергалимова (Павлодар МҚБ), Иван Шаповалов (Шымкент МҚБ),  Петр Брюквин (Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасы), Илья Волошин (МТБО филиалы), Арина Качанко (Зерттеулер мен әзірлемелер орталығының филиалы)  түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Барлық қатысушыларға қазақ тілін терең меңгеру жолында табыс тілейміз!




Реакция:
Серiктестер