2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша «Батуми теңіз порты» ЖШҚ айлақтары арқылы ауыстырып тиеу көлемі 6 млн тоннадан асты, бұл «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ компаниялар тобының тұрақты өсу қарқынын және операциялық қызметінің тиімділігін айғақтайды. Аталған компания – Қазақстан Республикасының магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның еншілес кәсіпорны болып табылады.
Ауыстырып тиеу көлемінің өсуі негізінен 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда құрғақ жүктердің контейнерлік, паромдық және жекелеген номенклатураларын өңдеуді ұлғайту, қазақстандық өндірілген мұнай өнімдерін тұрақты жеткізу, сондай-ақ жеңіл мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
«Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ-ның бас директоры Фархат Ташибаев: «Қол жеткізілген нәтиже – бұл компаниялар тобының тұрақтылығы мен сенімділігінің көрсеткіші, жоғары тәртіп пен бүкіл ұжымның кәсібилігінің көрсеткіші. Біз Қазақстан, Грузия және Қара теңіз өңірі елдері арасындағы экономикалық байланыстарды тұрақты жеткізуді және қолдауды қамтамасыз ете отырып, Батумидің Транскаспий халықаралық көлік маршрутының негізгі буыны ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастырамыз», - деп атап өтті.
«Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ компаниялар тобы «ҚазТрансОйл» АҚ транзиттік бағыттарының тиімділігін арттыру стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып, Батуми портын өңірдің энергетикалық және логистикалық инфрақұрылымының стратегиялық орталығы ретінде нығайтып келеді.