KZTO 808,99 (+0,60)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 808,99 (+0,60)

«ҚазТрансОйл» АҚ резервуарларды диагностикалауда озық технологияларды қолдануда

 06.05.2025    52

«ҚазТрансОйл» АҚ заманауи технологияларды пайдалана отырып, резервуар жабдықтарын диагностикалау және техникалық қызмет көрсету бойынша іс-шараларды іске асыруды жалғастыруда. Компанияның Павлодар мұнай құбыры басқармасында «Павлодар» бас мұнай айдау станциясындағы №3 ТБАР-20000 резервуарына кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Компания алдыңғы қатарлы диагностикалық әдістерді, соның ішінде магниттік ағынның шашырау принципіне (MFL) негізделген TBIT (Tank Bottom Inspection Tool) технологиясын белсенді енгізіп жатыр. Бұл технология резервуар түбіндегі жасырын ақауларды жоғары дәлдікпен анықтауға және жабдықтың қалған пайдалану ресурсын бағалауға мүмкіндік береді. 2023–2024 жылдары жүргізілген кешенді диагностика барысында дәстүрлі әдістермен анықтау мүмкін болмаған ақаулар табылды. Бұл қажетті жөндеу жұмыстарын дер кезінде жоспарлап, орындауға мүмкіндік берді. Инновациялық тәсілдерді қолдану жабдықтың техникалық жай-күйін бағалаудың сенімділігін едәуір арттырып, оның пайдалану мерзімін ұзартты.

2025 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жоспарлы бағдарламасы аясында 35 резервуарды диагностикадан өткізу көзделген. Бұл компанияның инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік стандарттарын сақтау бағытында жүйелі тәсіл ұстанатынын дәлелдейді.

Резервуарларды тексеру – бұл өндірістік қауіпсіздік талаптарымен реттелетін міндетті рәсім. Ол ақауларды анықтауға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және экологиялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Бұл әсіресе пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын резервуарлар үшін өте маңызды. Инновациялық технологияларды пайдалана отырып жүргізілетін жоспарлы тексерулер «ҚазТрансОйл» АҚ-на өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жалпы сыйымдылығы 1,4 миллион текше метрден асатын резервуар паркінің сенімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.





Серiктестер