«ҚазТрансОйл» АҚ ESG қағидаттарына сәйкес мұнай тасымалдау жүйесінің тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру және экологиялық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған «Жетібай» және «Қаражанбас» мұнай айдау станцияларындағы өндірістік инфрақұрылымды дамыту жобаларын іске асыруды аяқтады.
«Жетібай» мұнай айдау станциясында қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, мұнайды қауіпсіз сақтау мен тасымалдауды қамтамасыз ететін жаңартылған резервуарлық парк пайдалануға берілді. Жобаны іске асыру аясында өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған техникалық шешімдер қолданылды. Оның ішінде резервуарлардағы понтондар атмосфераға шығарындыларды төмендетуге мүмкіндік береді.
Резервуарлық парктің негізгі нысандары:
-көлемі 10 мың м³ болатын екі тік болат резервуар;
-көбік-сумен өрт сөндіру сорғы станциясы;
-әрқайсысының көлемі 1000 м³ болатын өртке қарсы су қорының екі темірбетон резервуары;
-мұнайды қабылдау және айдау технологиялық құбыржолдары.
Сонымен қатар жоба шеңберінде электрмен жабдықтау, найзағайдан қорғау, жарықтандыру және өрт қауіпсіздігі нысандарын қоса алғанда, инженерлік жүйелер салынды және жаңғыртылды. Бұл станцияның өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
«Қаражанбас» мұнай айдау станциясында өндірістік процестердің энергиямен жабдықталуының тұрақтылығын арттыруға бағытталған электрмен жабдықтау жүйесін қайта құру аяқталды. Жұмыстар аясында отандық өндіруші шығарған заманауи энергоблок орнатылып, станция жабдықтарын резервтік электрмен қоректендіру қамтамасыз етілді, сондай-ақ найзағайдан қорғау мен энергия үнемдейтін жарықтандырудың жаңа жүйелері енгізілді.
Жобаны іске асыру барысында 42 электржетек ауыстырылып, жаңадан салынған кабель эстакадалары арқылы жалпы ұзындығы 152 км болатын күштік және басқару кабельдері төселді. Бұл жабдықты пайдалану қауіпсіздігін арттырып, технологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік берді.
Аталған жобаларды іске асыру экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдау инфрақұрылымының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.