KZTO 840,99 (+0,93%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 840,99 (+0,93%)
Brent ()
WTI ()
0
0
0

«ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері ұлттық спорт түрлерінен жетістіктерге жетуде

 20.03.2024    1269

Нысанаға жебені дөп тигізу үшін дәлдік, жүйкенің мықтылығы, шыдамдылық және әрине қолдың қуаттылығы керек. Мерген болу – оңай емес. Бүгінгі таңда ұлттық спорт түрі – садақ атуды меңгеру жаңа трендке айналды.
 
Маңғыстау МҚБ «Жетібай» МАС электр монтері Рахат Ғизатулин садақ ату өнерін насихаттап жүрген әріптесіміз. Ол жұмыстан тыс уақытта дәстүрлі садақ атумен айналысады.  2022 жылдан бері ұлттық құндылықты жаңғырту жолында өңірде ашылған орталықта шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы.
 
– Садақ атып тұрған кезде өзіңді бағзы замандағы батырлардай сезініп кетесің. Кәдімгідей рухтанасың және де ол сезім, ол күй адамға өз өмірінде басқа да бір жобаларға, үлкен істерге жол ашады деп ойлаймын. Мергендер алаңға ұлттық киімсіз шықпайды. Яғни сайыста тек спорт дамымайды, қазақтың рухы қоса  жаңғырады. Бұл гаджетке байланған оқушылар үшін де пайдалы. Шынығып қана қоймай, ашылып, ортаға бейімделіп, ұлттық танымы артады. Осылайша, елім дейтін ерлерді тәрбиелеуге сәл де болса үлес қосқым келеді, – дейді әріптесіміз. Ұлттық спорт – жаһандану заманында, ақпараттық ағын ортасында қалған адамның ойын жинақтауға көмектеседі. Оның сөзінше, спортта бастысы, сабыр мен тұрақтылық қажет. Осы екі қасиетті өзіңнің зейінің мен ойыңды жинақтау арқылы ұштайтыныңды айтады.
 
- Садақ атуда менің алатын нәрсем, ол тұрақтылық. Нысанаға дөп тигізу адамның назарын жинақтауға тәрбиелейді. Мәселен, бірден қуанып кететін болсаң, одан кейінгі оқтарың тимейді немесе қайғырып, ашуланатын болсаң, онда да тимейді. Бұл жерде тек қана сен және нысана бар. Сенің бар ойың – нысанада. Сондықтан бұл – өз өзіңмен күрес деп те айтуға болады.
 
Бүгінде Қазақстанда садақ атумен 2000-нан астам адам айналысады. Ұлттық спортқа аруларымыз да қызығады. Рахаттың шәкірті Рима Атабаева республикалық чемпионатта 4-орын алды. Қазір өзі де шәкірт жаттықтырып жүр. Жаттықтырушы, педагог Рима бала кезінен атқа мініп, мылтық атып, садақ атқанды жақсы көрген.
 
–  Садақ ату адамға рух береді, жігер береді, өзіңнің көздеген мақсатыңа жетуге ықпал етеді. Денсаулыққа да өте пайдалы. Оқтың нысанаға дәл тигенінің өзі, дыбысының өзі өте күшті, адамға ерекше әсер береді, – дейді Р.Атабаева. 
Алтынгүл Меңдіхан
 

​«Тоғызқұмалақты» дала шахматы деп атайды. Себебі, бұл ойын жүйелі және логикалық ойлауды қалыптастырады және ғылым мен білімге деген қабілетіңді дамытады. Сондай-ақ, табандылық пен ұстамдылыққа үйретеді. Тоғызқұмалақпен кешегі Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлихановтар да ойнаған. Технологиялық режимдер мен энергоменеджмент департаментінің  бас менеджері Әлібек Құрманғалиев тоғызқұмалақпен бала кезден айналысады. Оның айтуынша, ұлттық ойын оның хоббиі ғана емес, салт-дәстүрді де сіңіріп өсуіне мұрындық болған. Сондай-ақ, ол өзі үшін ғана ойнамайды, жыл сайын спартакиадаға да қатысады.
 
– Тоғызқұмалақ шахмат сияқты, бірақ есеппен ойнайтын ойын, әр жүрген жүрісіңді алдын ала ойлап отырасың. Бұл ойын адамның ойлау  қабілетін дамытады, ұлттық ойын болғандықтан ойнасын, білсін, үйренсін деймін, – деді ол.
Меруерт Шукуева
Санаттар: Компания өмірі
Реакция:
Серiктестер