«ҚазТрансОйл» АҚ «Павлодар-Шымкент» және «Құмкөл-Қарақойын» магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыру үшін «Құмкөл» бас мұнай айдау станциясында жалпы көлемі 20 мың текше метрді құрайтын екі резервуардың құрылысын жүргізуде.
«ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры (Басқарма төрағасы) Арман Қасенов Шымкент және Жезқазған мұнай құбыры басқармаларына жасаған жұмыс сапары аясында жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Б. Жұмағалиев атындағы бас мұнай айдау станциясы мен «Шымкент» бас мұнай айдау станциясында ол «Павлодар - Шымкент» магистральдық мұнай құбыры бойынша тасымалданатын мұнайды сақтауға арналған резервуарларға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеуді көрді.
Сонымен қатар Арман Қасенов «Шолаққорған» бас мұнай айдау станциясы мен «Жуантөбе» мұнай айдау станциясында жөнделіп жатқан магистральдық сорғы станцияларының ғимараттарына барды.
«ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры (Басқарма төрағасы) Арман Қасеновке «Шолаққорған» бас мұнай айдау станциясы мен «Созақ» мұнай айдау станциясының өндірістік нысандарын жылытатын қазандықтарды қайта жаңарту туралы баяндалды.
«Құмкөл» бас мұнай айдау станциясында Арман Қасенов өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық процестер үшін су дайындау және су тазарту жүйесін қайта құру жұмыстарын тексерді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры (Басқарма төрағасы) барлық жүзеге асырылып жатқан жобалар магистральдық мұнай құбырлары жүйесі жұмысының сенімділігін арттыратынын қадап айтты. Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ Шымкент және Жезқазған мұнай құбыры басқармаларындағы өндірістік нысандардың күзгі-қысқы кезеңдерге ағымдағы дайындығы тексеріліп, мерзімінде аяқтау мақсатында нақты міндеттер жүктелді.
«ҚазТрансОйл» АҚ Шымкент мұнай құбыры басқармасы «Павлодар - Шымкент», «Шымкент - Чарджоу» магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнай тасымалын, Шымкент мұнай өңдеу зауытына («ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС) мұнай жеткізу, «Шағыр» мұнай құю пунктінде вагон-сыйымдылықтарға мұнай құюды жүзеге асырады.
«ҚазТрансОйл» АҚ Жезқазған мұнай құбыры басқармасы «Құмкөл - Қарақойын», «Павлодар - Шымкент» магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді.