Әрбір отбасы үшін 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні — ерекше мәнге ие. Бұл күн — майдан мен тылда жан аямай еңбек еткен аталарымыз бен апаларымыздың ерлігіне тағзым ету, олардың алдында бас ию күні. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мыңдаған отбасы сияқты, «ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы да өз ардагерлерін мақтан тұтады. Уақыт өткен сайын сол сұрапыл соғыстың тірі куәгерлері азайып барады. Дегенмен, олардың ерлігі мен өнегелі жолы ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Осы ретте «ҚазТрансОйл» компаниясының қызметкерлері өз аталары — Ұлы Отан соғысының қаһармандары туралы естеліктерімен бөлісіп, олардың ерлік жолдарын кейінгі ұрпаққа жеткізуді парыз деп санайды.
ШМҚБ бас механик қызметінің механигі Асқар Ақбердиев өз естелігімен бөлісті:
Менің атам – Нәжіп Зұлқарнайұлы Ақбердиев 1922 жылы 15 қыркүйекте Астрахань облысы, Нариманов ауданы, Килинчи ауылында дүниеге келген. 1936 жылы отбасымен бірге Қазақстанға, Шымкент қаласына қоныс аударады. №7 қазақ орта мектебінде білім алады. Мектепті бітірген соң мұғалімдер институтына оқуға түседі. 1940 жылы №7 қазақ орта мектебіне математика және физика пәнінің мұғалімі болып қабылданады.
1941 жылдың 30 шілдесінде Ұлы Отан соғысына қатысу үшін Қызыл Армия қатарына шақырылады. Соғыс жылдарында «Ерлігі үшін» медалімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Жарақат алып, 1944 жылы госпитальде емделіп шыққаннан кейін ІІ топтағы мүгедек деп танылып, әскер қатарынан босатылып, Шымкент қаласына оралады. 1944 жылы қолына қару емес, бор мен кітап алып, қайтадан математика және физика пәнінің мұғалімі мектепке оралды. Осы мектепте зейнетке шыққанға дейін, яғни 1990 жылға дейін, 50 жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеуге арнады.
– Атамның адалдығы мен еңбексүйгіштігі – біз үшін үлкен өнеге. Ол тек жауынгер емес, нағыз ағартушы болды. Ол ұрпақ санасына біліммен қатар, елге деген сүйіспеншілікті сіңіре білді. Сол үшін де ол «КСРО ағарту ісінің үздігі» және «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» сияқты жоғары марапаттарға ие болды.
Біз оның ерлігін құрметпен еске аламыз!