KZTO 808,99 (+0,60)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 808,99 (+0,60)

Мәншүк Мәметовамен бірге Смоленск қаласын азат етуге қатысқан жауынгер

 08.05.2025    27

Ұлы Жеңіс күні — халқымыз үшін қасиетті әрі тарихи мәні зор күн. Бұл — ерлік пен елдіктің, батырлық пен қайсарлықтың символына айналған күн. Осы мереке қарсаңында АМҚБ «Орал» ЖӨДС көлік жүргізушісі Ханәділ Базарбаев өз әкесі, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер Мұхит Базарбаев жайлы жүрекжарды естелігімен бөлісті.

-Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мен өзімнің әкем, соғыс ардагері Мұхит Базарбаев туралы сыр шерткім келеді. Әкем Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен бірге Смоленск қаласын азат етуге қатысқан.

Мұхит Базарбаев 1942 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанды. Орынбор қаласындағы қысқа мерзімді әскери курстан өтіп, пулемет ісін меңгеріп, ефрейтор шенін алды. Содан соң 3-ші Белоруссия майданында жауға қарсы шайқасқа қатыса бастады. Ол қол пулеметінің бірінші номерлі жауынгері ретінде жауға қарсы талай ұрыстарға қатысып, ерлік танытты.

1943 жылдың күзі. Смоленск маңындағы бір шайқаста әкем қаракөз қазақ қызын кездестіреді. Бұл қыз кейін Кеңес Одағының Батыры атанған, жерлесіміз Мәншүк Мәметова еді. Әкем екеуі тек қысқа ғана сөйлесіп үлгерген. «Мен - қазақпын, Батыс Қазақстаннанмын»,- деген Мәншүктің сөзі әкемнің жадында мәңгіге сақталып қалды.

Сол ұрыстардың бірінде, Витебск қаласы үшін түнгі шабуылда, әкем арқасынан ауыр жараланады. Алайда шайқас кезінде ол пулеметтен оқ жаудырып, көптеген жауды жойғаны үшін «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылады. Ауыр жарақатпен сегіз ай бойы госпитальда емделген соң, қайтадан майданға сұранып, Польша жерін азат ету шайқастарына қатысады. Бұл жолы ол басынан қатты жарақат алады. Польшадағы ерлігі үшін оған тағы да «Ерлігі үшін» медалі табысталды.

Кейін Мәскеуде бір жыл емделіп, елге оралады. Соғыстан кейін туған ауылында еңбек етіп, жергілікті шаруашылықта жұмыс істеді. Ол — «Отан соғысы» орденінің, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» екі медалінің, «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарының иегері.

Әкем Мұхит Базарбаев – ауданымыздың қадірлі азаматы болды, жас ұрпаққа үлгі көрсете білді. Анам екеуі 12 бала тәрбиелеп өсірді, ұрпақ өрбітіп, немере сүйіп, бақытты ғұмыр кешті. 1996 жылдың күзі, 72 жасында өмірден озды.

Біз – оның ұрпақтары – әкеміздің Отан қорғаудағы ерлігін әрдайым мақтан тұтамыз!

Ханәділ Базарбаев

АМҚБ «Орал» ЖӨДС көлік жүргізушісі

Реакция:
Серiктестер