KZTO 803,30 (-0,21)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 803,30 (-0,21)

«ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының ұжымы бірлескен әрі кәсіби жұмысымен мұнай тасымалының тұрақтылығын, сенімділігі мен қауіпсіздігін, энергия тиімділігін және экспорттық инфрақұрылымның орнықтылығын қамтамасыз етуде

 06.08.2025    258

2025 жылғы 6 тамызда «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Арман Қасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында «Қаражанбас» МАС, «Жетібай» МАС және «Өзен» БМАС еңбек ұжымдарымен кездесті, сондай-ақ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының бірқатар инфрақұрылымдық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Шамамен 1200 адамнан тұратын ұжымның бірлескен әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы арқылы 9 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл көрсеткіш компанияның жалпы көлемінің 41 пайызын құрады. Ал жүк айналымы 4,4 миллиард тонна-шақырымға жетті:

  • «Ақтау» бас мұнай айдау станциясы арқылы танкерлерге мұнай құю көлемі:

«Баку – Тбилиси – Жейхан» бағыты бойынша – 785 мың тонна;

«Махачкала – Новороссийск» бағыты бойынша – 999 мың тонна;

  • «Ақтау» БМАС-да теміржол цистерналарынан мұнай құю көлемі – 790 мың тонна;
  • «CASPI BITUM» БК ЖШС зауытына жеткізілген мұнай көлемі – 260 мың тонна.

Сонымен қатар Маңғыстау өңіріндегі кен орындарынан мұнайды «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы тұрақты тасымалдау қамтамасыз етілуде. Бұл — отандық мұнай өңдеу зауыттарын мұнаймен қамтамасыз етуге және экспорттық бағыттар бойынша жеткізілімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жеткізу қарқынының тұрақты сақталуы Маңғыстау мұнай құбыры басқармасындағы өндірістік процестердің жоғары сенімділігін және еліміздің ішкі отын теңгерімін қамтамасыз етудегі басқарманың маңызды рөлін көрсетеді.

Мұнай өңдеу зауыттарының технологиялық қажеттіліктерін ескере отырып, мұнайды партиямен тасымалдау бойынша келесі схемалар іске асырылды:

  • «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбырының «Қаражанбас – Ақтау» учаскесі бойынша  «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында;
  • «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының «Өзен – Атырау» учаскесі бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытын (АМӨЗ) тұрақты түрде шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында;

Аталған мұнай айдау схемаларының іске асырылуы көрсетілген өндірістік нысандардың үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Компания теңіз арқылы мұнай жөнелту бағытын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы тасымал көлемінің артуы жаңа жүк жөнелтушілерді тарту және экспорттық маршруттарды кеңейту нәтижесінде жалғасуда. 2025 жылдың басынан бастап                                «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШЖК бірлескен компаниясы Ақтау порты арқылы өз ресурстарын жөнелтуді бастады. Бұл – аталған инфрақұрылымға деген жоғары сұранысты және компанияның операциялық өзара іс-қимыл деңгейінің тиімділігін айғақтайды.

Маңғыстау мұнай құбыры басқармасында технологиялық процестердің энергия тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

2024 жылы «Жетібай» мұнай айдау станциясында жаңа магистральдық сорғы станциясы пайдалануға берілді. Оның арқасында «Жетібай – Өзен» бағыты бойынша мұнай айдауға жұмсалатын меншікті электр энергиясы шығыны 1,05 кВтсағ/тоннадан 0,89 кВтсағ/ тоннаға дейін немесе 15%-ға төмендеді.

2025 жылғы қаңтарда «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясында өнімділігі 500 м³/сағ болатын жаңа магистральдық сорғы агрегаты орнатылып, бұрын пайдаланылып келген НМ 1250/260 үлгісіндегі агрегатпен ауыстырылды. Аталған шара «Қаламқас – Қаражанбас» учаскесінде, «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбыры бойымен мұнай айдауға жұмсалатын меншікті электр энергиясы шығынын 18%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

«Қаражанбас» МАС және «Өзен» БМАС ұжымдарымен кездесу барысында Арман Қасенов қызметкерлерге адал әрі нәтижелі еңбектері үшін алғыс білдірді.

«Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының ұжымы өндірістік мәдениеттің жоғары деңгейін, жауапкершілікті және ұжымдық ынтымақты көрсетуде. Бұл жоспарлық көрсеткіштерді асыра орындау, жаңа технологияларды енгізу және мұнай тасымалдау жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету бағытындағы нәтижелі жұмыстан көрініс табуда».

Компания үшін еңбек қауіпсіздігі мен қолайлы еңбек жағдайларын жасау басым бағыттардың бірі болып қала береді. Іссапар аясында Бас директор өндірістік және әкімшілік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты.

  • «Қаражанбас» мұнай айдау станциясында электрмен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және жалпы ауданы 3 240 шаршы метрден асатын екі қабатты модульдік ғимарат салу жобасы жүзеге асырылуда;

  • «Жетібай» мұнай айдау станциясында әрқайсысының көлемі 10 000 м³ болатын екі тік резервуарды орнату жұмыстары жалғасуда. Олар өрт сөндіру және суару жүйелерімен жабдықталады.

  • 2026 жылы аумағы 4 000 м²-ден асатын Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы кеңсесінде қызметкерлердің еңбек жағдайының сапасын арттыру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының басты құндылығы – оның мамандары. 2025 жылы ұжымдағы орташа еңбек өтілі 17 жылды, ал қызметкерлердің орташа жасы 45 жасты құрады. Бұл көрсеткіштер ұжымның жоғары кәсіби әлеуеті мен ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болып табылады.

«ҚазТрансОйл» АҚ тұрақты даму стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыруда. Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының ұжымы тұрақты өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, жоғары жауапкершілік пен жаңа сын-қатерлерге дайындық таныта отырып, компания мақсаттарына жетуге елеулі үлес қосуда.






Серiктестер