Атырау мұнай құбыры басқармасының ұжымы Наурыз мейрамын береке-бірліктің бастауымен және ұлттық спорт Күнімен ұштастырып думанмен атап өтті. Әз-Наурызда атыраулық мұнайқұбыршылар ұлттық ойындардан сынға түсті.
Биыл Атырау мұнай құбыры басқармасының ұжымы Наурыз мейрамын «Наурызнама» онкүндігіне орайластырып атап өтуде. Мерекені 14 наурызда «Көрісу күнінен» бастаса, одан кейінгі «Қайырымдылық», «Мәдениет, ұлттық салт-дәстүр», «Шаңырақ» пен «Ұлттық киім», «Жаңару» күндерін атап өтіп, бүгін «Ұлттық спорт» күнімен жалғастырды.
Көктемгі жаңару мерекесінен атыраулық мұнайқұбыршылардың ешқайсысы да қалыс қалған жоқ. Бәрі де мерекеде өз өнерлерін ортаға салды. Ләңгі тепті, арқан тартысты, асық атты. Би биледі. Ұлыстың ұлы күнін тойлау барысында сайыс жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталды. Мерекеге қатысқан қызметкерлер мен қонақтарға наурыз-көже ұсынылды.
Ұлт пен ұлысты жақындастыратын, ағайынды татуластыратын, бүкіл ұлттық дәстүрдің көрініс табатын, тәрбиелік мәні зор мереке Атырауда осылайша атап өтілді.